ҚР ҰЯО мамандарына оранжерея не үшін қажет?


22 қаңтар 2019

ҚР Ұлттық ядролық орталығының ғылыми бағыттарының бірі қоршаған орта құрауыштары арасында радионуклидтердің таралу ерекшеліктерін зерттеу болып табылады. Мұндай зерттеулердің бір бөлігі зертханалық жағдайларда, атап айтқанда оранжерея орналасқан жаңа биологиялық корпуста жүргізіледі.

Оранжереяға салаттың, қиярдың, бұрыштың, орамжапырақтың және басқа да өсімдіктердің әртүрлі сұрыптары отырғызылған. Далада қыс болып тұрса да, оранжереяда өсімдіктердің гүлдеп, пісіп-жетілуі үшін барлық жағдайлар жасалған: арнайы фитошамдар ультракүлгін жарығының жеткілікті мөлшерімен қамтамасыз етіп тұрады, егер эксперимент шарттары бойынша қажет етілетін болса, ультракүлгін жарығының деңгейін реттеуге мүмкіндік береді, ал топырақтағы ылғалдың мөлшері арнайы ылғал өлшеуішпен өлшенеді.

Өсімдіктер құрамында жоғары деңгейде техногенді радионуклидтер бар топыраққа немесе «таза топыраққа» отырғызылады, бірақ жоғары мөлшердегі техногенді радионуклидтер бар сумен суарылады. Бұл радионуклидтердің әртүрлі ортадан өсімдікке өту параметрін анықтау үшін жасалады. Бұдан кейін аталған өту параметрлері ССП аумағында, оған іргелес аумақтарда немесе радиациялық жағдайы күрделі басқа да аумақтарда өсетін өсімдіктердегі немесе өсімдік шаруашылығы өнімдеріндегі радионуклидтердің ықтимал мөлшерін болжау үшін қолданылады. Сондай-ақ бұл өту параметрлері өсімдіктер мен оларды тағам ретінде пайдаланатын ағзаларға, оның ішінде адамға төнетін әртүрлі қатерлерді бағалауға арналған түрлі болжау моделдері үшін қажет.

Жалпы алғанда оранжереяда кез келген зерттеуді жүргізуге, оның ішінде радионуклидтердің өсімдікке және өсімдік шаруашылығы өнімдеріне өтуіне қандай да бір факторлардың немесе тыңайтқыш түрлерінің әсер етуін зерттеуге, демек оларға радионуклидтердің өтуін төмендету тәсілдерін немесе, керісінше, радионуклидтердің түсуін арттыру тәсілдерін әзірлеуге болады (мысалы, фиторемедиациялау мақсатында).

 

 

радиоэкология радионуклиды няц рк ИРБЭ биологический корпус