Адам сәулеленуін есептеуіш


05 наурыз 2019

Бүгінгі таңда Қазақстандағы адам сәулеленуін есептеуіш (АСЕ) ҚР Ұлттық ядролық орталығының ядролық-физикалық талдау әдістері зертханасында ғана бар.

Есептеуіштің маңызы мен бірегейлігі неде?

Гамма-спектрометрлер стандарт жағдайларда қоршаған орта сынамаларындағы: судағы, топырақтағы, өсімдіктер мен тағы басқалардағы радионуклидтердің активтілігін анықтауға арналған. Адам сәулеленуін есептеуіштің мақсаты – адам ағзасындағы радионуклидтердің активтілігін анықтау.

АСЕ құрылымы ерекше, бұл – арнайы камераға орналастырылған гамма-спектрометр. Камера спектрометрдің тексерілетін адамнан шығатын сәулені ғана «көруі» үшін табиғи радиациялық аяның гамма-спектрометрге әсер етуін азайтады.

Әлемдік тәжірибеде АСЕ камералары адамзаттың атомдық белсенді қызметі басталғанға дейін (Хиросима, Нагасаки, сынақ полигондары, Чернобыль) жер астында немесе су астында болған металдан дайындалады. Бұл үшін ХХ ғасырдың басында теңіз түбіне батып кеткен кемелер, ІІ дүниежүзілік соғыс кезінде батпаққа батқан танкілер шығарылады.

Біздің жағдайда адам сәулеленуін есептеуіш боксы Мұғалжар кен орнының шақпатастарынан жасалды. Шақпатас бірегей материал болып табылады,  ондағы табиғи нуклидтердің мөлшері өте аз, бұл оны гамма-спектрометрлік жабдықтарға арналған қорғауыш ретінде пайдалануға мүмкіндік береді. Аталған материалдан АСЕ камерасының қалыңдығы 1 метр болатын қабырғалары салынды.  

Есептеуіштен 300-дей адам тексеруден өткізілді. Олар бұрынғы Семей сынақ полигоны аумағындағы Саржал, Бөдене, Долонь ауылдарының тұрғындары. Зерттеу деректері бойынша тексерілген ағзалардың ешқайсысында техногенді радионуклидтердің мөлшері анықталған жоқ.

 

Анықтама үшін. Ядролық-физикалық талдау әдістері зертханасының міндеті – қоршаған орта объектілерінің сынамаларындағы, құрылыс материалдарындағы, тамақ өнімдеріндегі және адам биосубстраттарындағы табиғи және техногендік радионуклидтердің құрамы мен меншікті активтілігін анықтау. Спектрометрлік талдау міндетінен басқа, зертхана адамның ішкі және сыртқы сәулеленуін радиоэкологиялық зерттеудің дозалық жүктемелерін бағалаумен айналысады.

 

 

 

 

 

радиоэкология радионуклиды излучение СИП ИРБЭ лаборатория СИЧ